Жеті ақмолалық спортшы Дүниежүзілік қысқы универсиадаға қатысады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының жеті спортшысы Ресейдің Краснояр қаласында өтетін Дүниежүзілік қысқы универсиадаға аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметі бойынша XXIX Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталды. Отандастарымыз сноуборд, шаңғымен спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғысы, мәнерлеп сырғанау, шаңғы жарысы, шорт-трек, хоккей, бенди сияқты спорттың 9 түрінен сынға түседі.
«Универсиадаға 56 елден 3 мыңнан астам спортшы қатысады. Біздің ұлттық құрама сапында 95 спортшы жарыс жолына шықса, оның 9-ы - ақмолалықтар. Оның ішінде шаңғы жарысына Константин Борцов (Щучье), Никита Гридин (Щучье), Олжас Климин (Көкшетау), Эльмира Мутагарова (Зеренда), Валерия Тюленева (Щучье), Тамара Эбель (Щучье) қатысады.Сонымен қатар, универсиадаға тұңғыш рет енгізіліп отырған шаңғымен спорттық бағдарлау бойынша щучьелік Анна Мельник бақ сынайды», - дейді Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большина.