«Zheti Ata» мобильді қосымшасы жеті атасын білетіндерге бонус сыйлайды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық жасақтаушылар жеті атасын таныған азаматтарға ұпай беретін «Zheti Ata» мобильді қосымшасын жасап шықты.
Қазіргі уақытта жеті атасын танитындар ішінде арғындар көш бастап келеді. Сонымен қатар көшбасшылар қатарында наймандар мен дулаттар бар.
Сондай-ақ бұл қосымша арқылы қолданушылар өздерінің ата-бабалары туралы ақпараттарды сақтай алады, осы қосымшаға тіркелген өзге де пайдаланушылармен араласа алады.
«Қазақтар бағзы заманнан бері өзінің руына қатысты тарихты сақтап, оны атадан балаға таратып келеді. Қазіргі уақытта көбіміз жеті руымызды білеміз. Кейбірі әулет тарихына қатысты генеологиялық мәліметтер туралы кітап жасап жатса, кейбірі жеті ата, ру туралы ақпараттарды түрлі қолжазбаларда сақтауда. Барлық ақпараттарды ортақ етіп, адамдарға туыстарын онлайн режимде іздеуге мүмкіндік беретін бірде-бір құрал болмады», - дейді жасақтаушылардың бірі Асан Төлеуов өзінің Facebook-тегі парақшасында.
«Zheti Ata» қосымшасы жеті атаға дейінгі ақпаратты сақтауға, олардың әрқайсысы туралы қызықты мәліметтерді жүктеуге, туыстар арасында әңгімелесуге мүмкіндік берді және ақпараттардың толтырылуына байланысты рейтинг жасалып отырады.
Айта кетейік, «Жеті ата» бойынша, жеті буынның ұрпақтары бір-біріне жақын туыс болып есептелінеді. Дәстүр бойынша қазақта жеті атаны білу парыз. Сонымен қатар қазақ жеті атаға дейін қыз алыспаған. Осының арқасында қазақ ұлты қан тазалығын сақтап, генетикалық аурулардан ада болған.


