Жеті жылда Абай өңіріне 2 трлн теңгеден астам инвестиция салынды – Даниал Ахметов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы 7 жылда Абай өңіріне 2 трлн теңгеден астам инвестиция салынды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың маңызды оқиғасы – Шығыс Қазақстаннан бөлу арқылы Абай облысының құрылуы. Жаңа облыс құрамына енген қалалар мен аудандарды әлеуметтік-экономикалық дамыту үшін жүргізілген жұмыстарды қысқаша баяндайын. Соңғы 7 жылда Абай өңіріне 2 трлн теңгеден астам инвестиция салынды. Немесе ШҚО бойынша инвестицияның жалпы көлемінің 53 пайызы. Ауқымды жобалар іске асырылды, олар – қуаты жылына 50 млн тонна мыс кені болатын Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының екінші кезеңі. Оның инвестиция көлемі - 760 млрд теңге, жылына 2 млн тонна алтын кенін өндіретін Бақыршық тау-кен байыту кәсіпорны, инвестициясы – 134 млрд теңге. Семей қаласында өсімдік майын өндіру бойынша қуаты 300 мың тонна май-экстрациялық зауыты», - деді Д. Ахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Соңғы 7 жылда Абай өңірі бойынша өнеркәсіп өндірісі көлемін 5 есеге, ауыл шаруашылығын 2,4 есеге арттыруға мүмкіндік болды. Шығыс Қазақстан облысының жалпы көлеміндегі Абай облысының жалпы өңірлік өнім үлесі 36 процентті құрап, 1,9 трлн теңгеге жетті. Бұл 2015 жылғы деңгейінен 2,3 есеге көп немесе 1,1 трлн теңгені құрайды. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 2,9 млн теңге болды.

Сонымен бірге, ШҚО әкімі бюджеттік инвестицияның айтарлықтай өскенін атап өтті.

«2015-2022 жылдары облысқа республикалық бюджеттен 390 млрд теңге даму трансферті алынды. Оның ішінде біз Абай өңіріне 200 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 51 пайызын жұмсадық. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен қосымша 154 млрд теңге бөлік. Барлығы 354 млрд теңге бюджеттік инвестиция салынды», - деді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар
telegram