Жетім балаға - жеті мың доллардан
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия мемлекетінің «Қызыл жарты ай» қоғамдық қоры Газа аймағындағы «Эмель» балалар үйіне қаржылай көмек көрсетті, деп хабарлады muslim.kz.
Аймақтағы жалғыз балалар үйінде бүгінде 127 жетім тәрбиеленіп жатыр. Олардың барлығының да ата-анасы израильдік басқыншылардың шабуылы кезінде қаза тапқан.
Түріктер мұндағы әр жетім балаға 7 мың доллар көлемінде қаржы таратқан. Ұйымның ендігі алға қойған мақсаты Газа аймағындағы 20 мыңға жуық жетім балалардың барлығына да қол ұшын созып, көмектесу болып отыр.
Аталмыш акция осы жолғы ақша таратумен ғана аяқталмайды, дейді ұйымдастырушылар. «Қызыл жарты ай» қоғамдық қорының директоры Гекхан Дудудың айтуынша, қаржылай көмек алдағы үш ай ішінде үздіксіз жалғасып тұрмақ.
«Жетімдерге көмек көрсету - біздің міндетіміз. Біз олардың жүзіне күлкі сыйлап, қастарынан табыла білгенімізге қуаныштымыз», - дейді ол өз сөзінде.