«Жетім балалар үйінсіз Жетісу» жобасы жүзеге асады
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында «Жетім балалар үйінсіз Жетісу» жобасы жүзеге асады. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева мәлім етті. Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өткен басқосуда халық қалаулысы аталған жобаның ерекшелігіне тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз ауылды жерлерден қора-жайы, ауласы, бау-бақшасы бар үйлерді сатып алып, онда балаларды патронаттық тәрбиеге алғысы келетін ата-аналарды орналастырамыз. Әр отбасына 5-тен, 6-дан бала беріледі. Балаларды жақсылап тәрбиелеп, оларды аяқтандырып, азамат ретінде қалыптастырса, үй сол отбасы мүшелеріне басыбайлы берілетін болады. Бұл мәселені Мәжілісте жан-жақты талқылап жатырмыз. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті қаржы қарастырылып қойған», - деді Зағипа Балиева.
Айта кету керек, бүгінгі таңда Алматы облысында 3114 жетім бала бар. Оның 82 пайызы отбасылық тәрбие алып жатыр. Қалғаны балалар үйінде тәрбиеленуде. «Жетім балалар үйінсіз Жетісу» жобасы сол балаларға отбасылық тәрбие беру мақсатында жүзеге асырылғалы отыр. Өткен жылы 59 бала патронаттық тәрбиеге өтсе, 300-ден астам жәудір көзді еліміздің азаматтары асырап алды. Соңғы жылдары облыста жетім балалар саны азайып, балалар үйлерінің саны қысқарып келеді. Өткен жылы Үштөбе қаласындағы балалар үйі жабылды. Себебі, кейінгі жылдары ондағы тәрбиеленушілер саны күрт азайып кеткен.