Жетім балалардың құқықтарын бұзған 160-тан астам адам жазаланды - Бас прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас прокуратура 2013 жылдың төртінші тоқсанында бала асырап алу заңнамасын орындалуына тексеру жүргізіп, оның нәтижесінде жетім балалардың құқықтарын бұзғаны үшін 160-тан астам адам жазаланды.
None
None

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Бас прокуратурасының департамент басшысы Қанат Сейдғапбаров хабарлады.

«Тексеріс қорытындысы бойынша прокуратура органдарымен прокурорлық қадағалаудың 166 актісі енгізіліп, 800-ден астам баланың құқығы қорғалды. Жауапкершіліктің түрлі деңгейлеріне 162 адам тартылып, оның ішінде 8-і қылмыстық жазаға кесілді»,-деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, тексеріс нәтижесі Үкімет мүшелерінің, депутаттық корпустың және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінде қаралды.

«Үкіметке тиісті ұсыныс енгізіліп, онда бала асырап алу саласында заңдылықты қамтамасыз ету мен кәмелетке толмағандардың және бала асырап алуға кандидаттардың құқықтарын бұзуға жол бермеу мәселелері қамтылды»,- деп атап өтті Қ. Сейдғапбаров.

Белгілі болғандай, 2013 жылы прокурорлық қадағалау барысында перзентханалар қызметкерлері тарапынан ресми құжаттарды қолдан жасау фактілері анықталды. Бұндай қадамдар жаңа туған нәрестелерді азаматтарға заңсыз асырап алуға беру мақсатында жасалған. Барлық фактілер (7 оқиға) бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Соңғы жаңалықтар