Жетім және қамқорлықсыз қалған балалардың деректер базасы жасалады - Б.Әйтімова

Депутаттың айтуынша, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың деректер базасын жасау туралы тапсырманы Елбасы жүктеген болатын. Сонымен қатар, Президент балалар үйінде тәрбиеленетін сәбилер мен жасөспірімдер санын азайтуды да жүктеген еді.
«Қазір республикамызда бес миллионнан астам балалар бар. Олардың тоғыз мыңға жуығы балалар үйінде тәрбиеленуде. Заң жобасына сәйкес, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар республикалық деректер базасының есебіне қойылатын болады.
Бұл - міндетті талап. Ондай жүйе жетім және қамқорлықсыз қалған балалардың құқығын қорғаумен айналысатын барлық мемелкеттік органдардың, орталық және жергілікті деңгейде, сонымен бірге, Қазақстанның шетелдердегі мекемелеріне өзара әрекеттесу және ақпарат алмасуын қамтамасыз етеді», - деді депутат Б. Әйтімова.
Оның сөзіне қарағанда, республикалық деректер базасының құрылуы үшін республикалық бюджеттен 120 миллион теңге қарастырылады.
«Сонымен бірге, ата ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен оларды өз отбасына қабылдайтын азаматтар туралы құпия ақпаратқа қол жеткізу мәселесі де қарастырылады. Бұл ретте аталған санаттағы балалар туралы деректер банкісінің толымды ақпаратты үкіметтік емес ұйымдардың алуына да мүмкіндіктер беріледі»,- деді Б. Әйтімова.