Жетімдер мен ата -ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 80 пайызы баспанаға мұқтаж
АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 80 пайызы баспанаға мұқтаж.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында мәлім болды.
Құжаттың мақсаты балалардың аталған санатының тұрғын үй мәселелерін шешу, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, оларды әлеуметтік жағынан бейімдеу болып табылады. Бұл ретте заң жобасымен Салық кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңына өзгерістер енгізу қарастырылады.
«Қолданыстағы заңнамаға мониторинг жүргізу барысында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқын қорғауға қатысты олқылықтар анықталды. Атап айтқанда осы санаттағы балалардың тұрғын үй алу құқығының бұзылуына жол беріліп келеді. Мәселен, жергілікті атқарушы органдарға осы санаттағы балаларды баспанамен қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Алайда, қазіргі уақытта осы санатқа жататын 34 мыңнан астам баланың 27 мыңнан астамы, яғни 80 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж», дейді Білім және ғылым вице- министрі Мұрат Әбенов. Оның айтуынша, соңғы жеті жылда балалар үйлерін 14 мың бітірушісінің 849-ы, яғни алты пайызы ғана тұрғын үймен қамтылған.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бұған себеп жергілікті атқарушы органдардың тиісті түрде жұмыс істемеуі, сонымен бірге оларға ешқандай жауапкершіліктің қарастырылмауы болып табылады. «Соған байланысты маңызды толықтырулар енгізіліп отыр. Бұл ретте аталған санаттағы балаларды баспанамен қамтамасыз етуде міндетін дұрыс атқармаған жергілікті басшыларға жауапкершілік көзделеді», деді М. Әбенов.