Жетімдерді асырап алғысы келетін қазақстандықтардың саны артып, ал шетелдіктердің саны төмендеп отыр - Ж. Түймебаев
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елімізде соңғы кезде жетімдерді асырап алғысы келетін қазақстандық азаматтардың саны артып, керісінше бала асырап алғысы келетін шетелдіктердің саны кеміп отыр.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға қосылуы және ратификациялауы туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жетім бала асырап алғысы келетін қазақстандық азаматтар саны жылдан-жылға артып отыр. Бүгінгі күні өзіміздің отандастарымыз мыңнан астам жетім баланы өз отбасының тәрбиесіне алуға тілек білдіріп, қазір кезекте тұр. Өткен жылы 3 мыңнан астам жетім бала қазақстандық азаматтардың отбасыларына берілді. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда 271 балаға артық. Керісінше, шетелдік азаматтардың қазақстандық балаларды асырап алу саны азайғаны байқалады. Егер 2008 жылы шетелдіктер 749 баланы асырап алса, өткен 2009 жылы бұл көрсеткіш 40 балаға азайды», деді министр.
Сонымен бірге, баланы асырап алуға қатысты арнайы сараптама жұмыстары жүргізілгенін айтқан Ж. Түймебаев, бұның негізінде қазақстандық бала асырап алушылардың басым контингентінің 95 пайызы орташа табысты азаматтар болса, қалған 5 пайызы жоғары материалдық жағдайы бар азаматтар екенін атап өтті. Ал елімізден бала асырап алуға ниет білдірген шетелдіктердің дені (91 пайызы) ауқаттылар болып шыққан. Шетелдіктердің арасында 800-ге жуығы ірі компания басшылары, 18-і белгілі саясатшылар болса, 1,5 мыңнан астамы адвокаттар мен судьялар, әртістер және спортшылар болған. «Қазақстаннан бала асырап алғысы келген шетелдіктердің қатарында атақты АҚШ сенаторы, Сауда-өндірістік палатасының төрағасы Кроули, Б. Клинтонның кеңесшісі К. Тэмси, испандық тележұлдыз Мария Мартинэс, Ұлттық хоккей лигасының атақты ойыншысы Хайди, испандық опера әншісі Х. К. Рассадо және тағы басқалары бар. Ал қазақстандық бала асырап алғысы келгендердің арасында Парламент және мәслихат депутаттары, 20-ға жуық түрлі министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлері де бар», деді министр.