Жетімдерді баспанамен қамту ең алдымен әкімдердің ұстанымына байланысты -Н. Нығматулин

АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат - Жетімдерді баспанамен қамту ең алдымен әкімдердің ұстанымына байланысты мәселе.
None
None

Бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында палата төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай мәлімдеді.

«Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамту ең алдымен жергілікті әкімдердің позициясына байланысты. Егер әкім түсінсе онда баспана мәселесін шешуге болады, ал түсінігі болмаса, онда ондай санатқа баспана бермеу үшін мыңдаған себеп табуға да болады. Дегенмен, бүгінгі бірінші оқылымда заң жобасында көптеген мәселелер қамтылды. Шындығында, көптеген балалар Үкіметтен нақты қадамдар күтуде. Мен де заң жобасын толық қолдаймын», - деді спикер.

Сонымен қатар, құжатты екінші оқылымға әзірлеуге салмақты қарап, тыңғылықты жұмыс атқару қажеттігін айтқан палата төрағасы, қарастырылатын дүниелердің бәрі тек жақсы ниет түрінде қалып қалмауы керектігін ескертті.

«Біз бүгін тек босаған пәтерлерді беруді қарастырып жатырмыз. Жаңадан салынған бір де бір үй жоқ. Елімізде бағдарламалар да баршылық. Ендеше, өңірлерде жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтуға арналған бағдарламалар жасалса игі», - деді Н. Нығматулин.

Соңғы жаңалықтар