Жетімдерді жебеуге қатысты жергілікті әкімдердің жауапкершілігі арта түседі

Осындай олқылықтың орнын толтыру үшін өткен жолы Парламент Мәжілісі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Аталған құжаттың мақсаты жетім және ата-аналардың қарауынсыз қалған балалардың баспанамен қамтылу мәселелерін шешу, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, сондай-ақ, осы санаттағыларды әлеуметтік жағынан бейімдеу болып табылады. Бұл ретте заң жобасымен Салық кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заңына өзгерістер енгізу қарастырылады. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға осы санаттағы балаларды баспанамен қамтамасыз ету міндетін жүзеге асыру бойынша заңнамалық деңгейдегі жауапкершілік жүктеледі. Бұдан бөлек, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың пәтер кезегіне басым құқық беру көзделеді. Олардың баспана мұқтажын шешу үшін осы санатты мемлекеттік тұрғын үйге жеке есепке алу туралы норма қамтылады.
Тоқтала кететін жайт, жобаны әзірлеуші Білім және ғылым министрлігі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз ету бағытында еліміздің қолданыстағы заңнамасына мониторинг жүргізген екен. Соның нәтижесінде қолданыстағы заңнаманың жекелеген нормаларында бірқатар кемшіліктер орын алып, соның салдарынан жетім балалардың тұрғын үйге құқықтарының бұзылуына жол берілетіндігі айқындалған. Мәселен, «Білім беру туралы» заңның 6-бабында көрсетілгеніндей, жергілікті атқарушы органдарға белгіленген тәртіппен жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Алайда, қазіргі уақытта осы санатқа жататын 34 мыңнан астам баланың 27-мыңға жуығы, яғни 80 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж. Сонымен қатар, соңғы жеті жылда балалар үйлерінің 14 мың бітірушісінің 849-ы ғана, яғни 6 пайызы ғана баспанамен қамтылған. Бұған не себеп?
«Бұндағы олқылықтың орын алуындағы басты себептердің бірі жергілікті атқарушы органдар тиісті түрде жұмыс істемей отыр. Біздің ойымызша, тағы бір себеп - жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы заң нормаларының орындалуында ешқандай да жауапкершілік қаралмаған. Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске маңызды толықтыру енгізіледі. Оған сәйкес, жергілікті атқарушы органдардағы жетім балаларды баспанамен қамтамасыз ету мәселелері бойынша жауапты тұлғалардың жауапкершілігін күшейту көзделуде», - дейді Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов. Бұл бірінші мәселе.
Екіншіден, жетім балалар халықтың әлеуметтік қорғалатын тобына кіретін жалпы тізімде тұрғандықтан, олардың пәтер алуына ешқандай да басым құқықтары қарастырылмаған. Сондықтан да, оларды жалпы тізім бойынша баспанамен қамту жағдайы оңай шешілмейтіні ақиқат. Осыған байланысты тұрғын үй қатынастары туралы заңға арнайы толықтырулар енгізу көзделеді. Онда ең алдымен осы санаттағы балаларға тұрғын үй алу үшін басым құқық беру, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жеке есепке алу шаралары қарастырылмақ.
«Жалпы «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасына сәйкес, 2012-2020 жылдары 69 млн. 50 мың шаршы метрді құрайтын баспана салу жоспарланған. Бағдарламаның қаржыландыру мөлшері 2 трлн теңгеге жуық. Қазіргі уақытта тұрғын үйге мұқтаж жетім балалар үйлерін бітірушілердің болжамды саны 21 мың 408 адамды құрайды. Ал оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 856 мың 320 шаршы метр қажет. Бұл жалпы жоспарланған құрылыстың 1,2 пайызына ғана тең. Осылайша, басым құқықты ескере отырып, 40 шаршы метрлік 1 бөлмелік пәтер бөлінген жағдайда жетімдер үйін бітірушілердің тұрғын үйге сұранысын 2020 жылға дейін толығымен қанағаттандыру мүмкіндігі туады», - дейді Мұрат Әбенов.
Заң жобасында қаралған үшінші мәселе - жетім балаларға берілген баспананы алып қоюға қатысты болып отыр. Тоқтала кететін жайт, бүгінгі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қорғаншылық және қамқоршылық органдары келісім жасау арқылы жетім балаларға тиесілі үйді алып қоюды жүзеге асыруға жол беріп жатады. Яғни, мұндағы басты мәселе - тұрғын үйді алып қоюға нақты негіздеме заңды түрде белгіленбеген. Сондықтан да, заң жобасымен қандай жағдай болмасын, 14 жасқа толмаған жетім балалардан тұрғын үйді алып қоюға жол берілмейді. Вице-министр Мұрат Әбеновтің пайымынша, осындай жаңа норма енгізілсе, бұл балаларға белгіленген тұрғын үйдің сақталуын қамтамасыз етіп, жетім балалардың құқықтарын бұзуды болдырмайды.
Бұдан бөлек, алғаш рет жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй кезегіне қою міндеті олардың заңды өкілдеріне заңнамалық деңгейде жүктелетін болады. Яғни, ендігәрі балалар үйлерінің басшылары, қамқоршылыққа алғандар мен қорғаншылар, патронат тәрбиешілері жетім балалардың баспана кезегіне уақытында тұруын қамтамасыз ететін болады. Олардың бұл әрекетіне қатысты жауапкершілік те артады.
Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарының отбасында тәрибеленуге, патронатқа берілген жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтары да қамтамасыз етіледі. Бұрын мұндай құқыққа тек мемлекеттік мекемелерде, мемлекеттің қарауындағы жетімдер үйлерінде тәрбиеленіп жатқан жетім балалар ғана ие болатын еді. Осылайша, заң жобасында алғаш рет аталған санатқа бекітілген тұрғын үйлерді сақтау тәртібі де қамтылған. Бұдан бөлек, тұрғын үйді сақтау ережелері бойынша Үкіметтің құзыреті белгіленеді. Салық кодексіне жылжымайтын мүлік құқығын тіркеу үшін жетім балаларды алымнан босату туралы толықтырулар енгізу де ұсынылған.
«Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, мұқтаж азаматтарға, оның ішінде жетімдерге тұрғын үйге кепілдікті қамтамасыз ету бойынша жергілікті деңгейде арнайы бағдарламалар әзірленеді. Мұндай практика АҚШ, Бельгия, Испания секілді елдерде кеңінен қолданылып жүр. Бұл тәжірибе де назарға алынды. Өткен жылы Елбасы тұрғын үйге мұқтаж жетім балалар үшін аймақтық жоспар әзірлеу туралы нақты тапсырма берген болатын», - дейді М. Әбенов.
Жалпы алғанда заң жобасы жетім және ата-ана қарауынсыз қалған балаларды баспанамен қамтамасыз етуге барынша кең ауқымдағы жағдайды қамтамасыз етуге бағытталып отыр.