15:27, 31 Мамыр 2015 | GMT +5
Жетімдік пен балалар мүгедектігі үлкен қолдауға мұқтаж - Г. Иқсанова
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғамның әлеуметтік жауапкершілігі бірінші кезекте өскелең ұрпаққа қатысты болуы керек. Бұл туралы бүгін «ҚР Конституциясы 20 жыл балалардың құқығы мен денсаулығын қорғауда» атты республикалық конференцияда Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнар Иқсанова мәлім етті.

«Өмірде қиын жағдайға тап болған барлық балалар мемлекет тарапынан үлкен қолдауға мұқтаж. Олардың білім алуына және өзге де қажеттіліктеріне барынша қолайлы мүмкіндіктер жасалуы керек»,-деп тоқталды ол.
Г. Иқсанованың айтуынша, жетімдік, балалардың мүгедектігі қоғамның проблемасы ғана емес, сонымен қатар қоғамның адамгершілік тұрғыдағы тиімділігінің өлшемі болып табылады. Сондықтан да осы проблемаларды шешу үшін мемлекет тарапынан елеулі күш-жігер жұмсалуда.
Айта кетейік, конференция аясында жаңадан құрылған «Асыл бала» қауымдастығының құрылтайшылық кеңесі өтті. Аталған қауымдастық балалар құқығы мен мүддесі саласында жұмыс істейтін Қазақстанның қоғамдық бірлестіктері мен үкіметтік емес ұйымдарын біріктірді.