Жетісай ауданы тұрғынының ауласынан 3 мың түп көкнар тәркіленді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Жетісай ауданы тұрғынының ауласынан 3 мың түп көкнар тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісай ауданы тұрғынының ауласынан 3 мың түп көкнар тәркіленді

Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіретіндігі туралы хабарлама түскен. Ақпарат алған жетісайлық тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізді. Күдікті ретінде жергілікті тұрғын анықталып, оның тұрғылықты жеріне тінту жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде күдікті ер адамның үйінің ауласынан 3 мың түп есірткіге ұқсас өсімдік табылып, тәркіленді.

Тағайындалған сараптаманың қорытындысы бойынша алынған өсімдік көкнәр болып шықты. Аталған фактіні полицейлер ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігімен «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеуге алды.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.