Жетісай ауданында бұрын сотты болған тұрғынның үйінен есірткі табылды
МАҚТААРАЛ. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Жетісай ауданында бұрын сотты болған тұрғынның үйінен опий есірткісі табылды. Полицейлер қолға түсірген күдікті деструктивтік діни ағымның ұстанушысы ретінде тіркеуде тұрған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ТО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сезікті Жетісай аудандық полиция бөлімі қызметкерлері жүргізген экстремизм мен терроризмге қарсы жедел іс-шаралары барысында қолға түскен. Оның есірткі және психотроптық заттарды өткізу, заңсыз сақтау іс-әрекеттерін жүзеге асырған жайты анықталды. Бұл іс бойынша тәртіп сақшылары тергеу амалдарын жүргізіп, ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру тізіліміне тіркеуге алды. Күдіктінің тұрғылықты мекен-жайы толық тексеріліп, нәтижесінде 60 грамға жуық есірткі тектес зат тәркіленді. Ұсталған күдікті өзінің заңсыз іс-әрекетіне қарамастан, полиция қызметкерлеріне қарсы күш қолданбақ болған.
«Қазіргі таңда құрықталған азаматқа байланысты тергеп-тексеру амалдары жалғасуда. Іске қатысты барлық құжаттар жинақталып, шешім шығарылу үшін сотқа жолданатын болады» делінген хабарламада.