Жетісай ауданында жастармен жұмыс істейтін әкелер және аналар ұйымы құрылады

None
None
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылынан бастап Түркістан облысының Жетісай ауданында жастар тәрбиесімен жұмыс істейтін әкелер және аналар ұйымы құрылады. Бұл туралы аталған аудандағы ұстаздардың тамыз кеңесінде аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияда баяндама жасаған аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсынбай Мырзалиев жаңа оқу жылы қарсаңындағы жаңашылдықтарды атап өтті. Оның сөзінше, жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері», «Графика және жобалау», «Бастапқы әскери және технологиялық дайындық» пәндері оқытыла бастайды. Ал, жаңа бағдарламаға сәйкес 9 сыныптарға «Құқық негіздері» пәні енгізіледі.

1-10 сыныптарда электронды күнделік жүйесі жалғасады, ал 11 сыныптар классикалық журналмен жұмыс істейді. Жаңартылған білім мазмұнына 4, 9, 10 сыныптар өтеді.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда ҚР Білім және ғылым Министрлігі тәрбиенің концептуалды негіздерін бекітті. Отбасы құндылықтарын сақтай отырып, ата – аналардың жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ әкенің отбасындағы, бала тәрбиесіндегі рөлін күшейтіп, үлгілі отбасыларына арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастыру қажеттілігі туындауда. Өскелең ұрпақты жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыру, ұлттық құндылықтар негізінде жүзеге асады», – деді Тұрсынбай Мырзалиев.

. Жиында Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Қайрат Арап білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылымен құттықтады. Ал, жарыссөзге шыққан ұстаздар білім саласындағы жетістіктермен қатар қордаланған мәселелерді тілге тиек еті, ұсыныстарын ортаға салды. Конференцияны қорытындылаған аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев алдағы уақытта ұстаздарды қосымша жұмысқа шығармау жайы қатаң қадағаланатындығын атап өтті. Сондай-ақ, педагог қызметкерлердің айлық жалақысы уақытылы берілетінін, қаражат жағынан алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар