Жетісайда өртенген базар 15 күн ішінде қайта қалпына келеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Жетісайда өртенген базар 15 күн ішінде қалыпқа келтіріледі. Қазір аталған жағдай бойынша сараптама жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісайлық кәсіпкерлер бүгін тағы да орталық көшені жауып, базар әкімшілігінен нысанды тездетіп ашуды талап етті.

Оқиға орнында болып, халықпен кездескен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен аудан әкімі Мұрат Қадырбек базардағы жөндеу жұмыстары 1-2 күн ішінде басталатынын түсіндірді.

«Екі сараптама жасалады. Біріншісі - құрылыс сараптамасы, екіншісі – тауарлық сараптама. Қазір базар иесі жаңа нысанның жобасын жасап, бізге ұсынады. Өрт қауіпсіздігін сақтайтын әрі халыққа қолжетімді болатын базар салуымыз керек. Өртенген базар ісі бойынша тергеу жұмыстары басталды. Нысан иесі уәде бергендей, 15-20 күн ішінде базар іске қосылады», - деді Сәкен Қалқаманов.

Жиналыстан кейін аудан әкімдігінде базар кәсіпкерлерінің несие уақытын шегеру, қайта қаржыландыру бойынша екінші деңгейлі банк өкілдерімен кездесу өтті.

Онда Халық банк, Жусан банк, KMF өкілдері келіп кәсіпкерлердің әрқайсымен жекелей жұмыс жүргізетіндігі айтылды.

Сондай-ақ шығынды есептеу бойынша комиссия құрамына кәсіпкерлер арасынан белсенді азаматтар кірді.

Тауары өртеніп кеткен кәсіпкерлер тізімі жасалып, базардың әр бөлімі бойынша тиісті ақпаратты жинақтайтын жауаптылар бекітілді.

Айта кетейік, кеше Жетісайдағы «Күлпаршын» базарынан өрт шығып, базардағы сауда қатарларының тығыз орналасқан жері, маталар мен киім кешектер, тұрмысқа қажетті заттар сататын аумағы отқа оранған болатын.

Өрт салдарынан 450-ге жуық кәсіпкердің заттары толығымен жанып кетті.


Соңғы жаңалықтар