Жетісайда өртеніп кеткен базардың орнында жаңа сауда нысанының құрылысы басталды
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Жетісайдағы «Күлпаршын» базары өрт қалдықтарынан тазартылып, жаңа нысанның құрылыс жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа базардың құрылыс жұмыстарына 15 арнаулы техника жұмылдырылған. Негізгі жұмысты «TAYMAS» ЖШС мен «Нұр-Л» ЖШС атқарады. Ал, «МПК ПРОЕКТ» ЖШС су және кәріз жүйелерінің құрылысын жүргізіп жатыр.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаев өрттен зардап шеккен 29 жеке кәсіпкермен кездесіп, арыз-шағымдарын қарайтындығын жеткізді. Базар мен тиісті мекеме басшыларының қатысуымен арнайы жиын өткізіп, сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ, банк және шағын несие беру орталықтарының өкілдерімен де кездесу өтті. Онда өрттен зардап шеккен кәсіпкерлердің несие мерзімдерін уақытша тоқтата тұру және төмен пайызда көмек ретінде несие беру мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, 26 тамызда Жетісайдағы «Күлпаршын» базарынан өрт шықты. Салдарынан 450-ге жуық кәсіпкердің заттары толығымен жанып кетті. Келтірілген шығынды өтеу бойынша арнайы қор құрылды.