Жетісайда сабын шығаратын кәсіпкер келіншек күніне 350 мың теңге табыс тауып отыр
ЖЕТІСАЙ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы Жетісай қаласының тұрғыны Эльмира Жалтеева 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант жеңіп алған. Іскер келіншек бүгінде кір сабын шығаруды қолға алып, күніне 350 мың теңге тауып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрылғанына небәрі бір жыл толған «Эльмира» жеке кәсіпкерлігі бүгінде тәулігіне орта есеппен - 1 тонна, яғни 5000 дана сабын шығарады.
Сұраныс артқан кезде сабынның көлемі 10 мың данаға дейін ұлғаяды. Іскер келіншек әр сабынды 70-80 теңгеден саудалап, тұрақты табысын тауып отыр.
Бүгінде ол отбасылық кәсіпті 2 адам болып дөңгелетіп келеді. Айтуынша, бұл кәсіптің шығыны аз. Өйткені шикізат ретінде қолданылған тоңмай сатып алып, қайнатады.
Кір сабын дайындау үшін сол тоңмай мен сода болса болғаны.
Ал, негізгі тұтынушылар - Жетісай ауданының тұрғындары. Өнімнің сапасы жоғары әрі табиғи таза болғандықтан алушы да көп.
Алдағы уақытта дайын өнімге өзге облыстардан сұраныс болса, кәсіп иесі цехті үлкейту арқылы қосымша жұмыс орындарын ашпақ.
Айта кетерлігі, биыл Жетісай ауданында жаңа бизнес идеяларды іске асыру мақсатында 559 адам мемлекеттік грант алған болатын.
Оларға кәсібін ашу үшін мемлекеттен 309 млн теңге қаржы берілген.




