Жетісайлықтар тоңып отырып концерт тамашалауға мәжбүр

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Жетісайлықтар тоңып отырып концерт тамашалауға мәжбүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісайлықтар тоңып отырып концерт тамашалауға мәжбүр

Жетісай қаласында концерт берген «Өнер қырандары» ұжымы Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында жылудың жоқтығын айтып, әлеуметтік желіде видео қалдырды.

«Қатып қалдым, жаурап қалдым», «Жетісай қаласындағы мәдениет үйіне еш нәрсе керек емес, тек жылу беріңіздерші, халықтан обал», «далада өнер көрсетіп жатырмын» - дейді әртістер.

Сахнадан да көрермендердің сырт киіммен отырғанын көруге болады.

Ал, аталған жағдайға қатысты пікір білдірген Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры Бахыт Срайлов жылудың уақытылы беріліп жатқандығын жеткізді.

«Ғимарат табиғи газбен жылытылады. Жылу беріліп тұр. Дегенмен, сахна жақта «колосники» деп аталатын театр торлары бар. Олар 20-30 метр биіктікте орналасқан. Сол төбенің биік болуына байланысты жылудың барлығын жоғарыға тартып алады. Кеңес үкіметінің кезінде салынған ғимарат жөндеу жұмыстарын көрмеген. Үш жылдан бері жөндеуге ұсыныс беріп келеміз. Елде орын алған төтенше жағдайларға байланысты кейінге қалдырып келді. Енді келер жылы жөндеуден өтеді деп жоспарлап отырмыз» - деді ол.