Жетісу облысы құрылған бір жылда 38 млрд теңгенің 47 жобасы іске асырылды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысы құрылғаннан бері жалпы құны 38 млрд теңге болатын 47 жоба іске асырылып, 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісу облысы құрылған бір жылда 38 млрд теңгенің 47 жобасы іске асырылды

Жетісу облысында 2026 жылға дейінгі инвестициялық портфельге құны 1,6 трлн теңге болатын, 7,1 мың жұмыс орны құрылатын 146 жоба қалыптастырылды. Облыс құрылғаннан бері жалпы құны 38 млрд теңгелік, бір мыңнан астам жұмыс орны бар 47 жоба іске асырылса, соның ішінде ішінде 1,7 млрд теңгенің 68 жұмыс орны бар 8 жобасы жыл басынан бері жүзеге асырылған. Бүгін брифинг өткізген облыс әкімі Бейбіт Исабаев өз сөзінде жобалардың ішіндегі ірілеріне тоқталды.

«Он жылдам астам уақыттан бері тоқтап тұрған жоғары маркалы кремний өндіретін, қуаты 6 мың тонналық «Kazsilicon» зауыты қайта жаңғыртылып, іске қосылды. Оған 3,9 млрд теңге инвестиция тартылып, 210 жұмыс орны ашылды. Текелі қаласында темірді тікелей қалпына келтіретін, қуаты 20 мың тонналық «Электромарганец» зауыты жұмыс істей бастады. Жаңғыртудан өткізілген Ақсу қант зауыты осы жылдың тамыз айында іске қосылады деп жоспарланып отыр», - деді әкім.

Сондай-ақ, «Көксай» кен орны мен тау-кен байыту комбинаты құрылысының жобасын іске асыру жұмыстары басталды. Комбинат 50 млн тонна кен өңдеуге қауқарлы. Оған 976 млрд теңге инвестиция тартылып, 2 300 жұмыс орны құрылды. Комбинат 2026 жылы іске қосылады.