Жетісу облысына 200-ден астам дәрігер қажет
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысында дәрігер тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Қазір өңірге 202 маман қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жетісу өңіріндегі медициналық ұйымдарға 82 маман жұмысқа орналасқан.
Алайда облысқа әлі де 202 дәрігер жетіспейді. Ол мамандардың 157-і қалаға қажет болса, қалғаны ауылдарға керек.
Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Джансенгировтың айтуынша, кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін мамандарды баспанамен қамту, балаларын балабақшаға орналастыру сияқты әлеуметтік қолдау қарастырылған.
«Қазіргі уақытта Президент тапсырмасы бойынша ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Онда денсаулық сақтау саласын жаңғырту келесі жылдан бастау алады. Жетісу облысы бойынша жоспарға 59 нысан енді. Оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік пункт және 5 медициналық пункт бар. Сондай-ақ, биыл облыстың 6 ауданында 12 блок-модульдік конструкция орнатылуда. Оның 5 нысаны қазіргі уақытта қолдануға берілді. Бұл орталықтар Көксу, Ескелді және Алакөл аудандарында орналасқан. Қалған 7 нысан желтоқсан айының басына дейін пайдалануға беріледі» - деді Арман Джансенгиров.
Сонымен қатар, Жетісу облысының медициналық мекемелерінде «Enbek.kz» электронды еңбек биржасы тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.
Ұсынылған бос жұмыс орындарына әр апта сайын талдау және жаңарту жүргізіледі.
Үміткердің біліктілік деңгейіне және кәсіби құзыреттілігіне қойылатын талаптарға сәйкес персоналды іздеу және іріктеу жүзеге асырылады.
Биыл Жетісу облысының медициналық ұйымдарына 82 дәрігер келіп, «Enbek.kz» порталы арқылы қабылданған.
2021-2022 жылдары біліктілікті арттыру үшін облыс дәрігерлері (акушер-гинекологтар, анестезиологтар-реаниматологтар, невропатологтар, психиатрлар) Түркия, Ресей, Беларусь сияқты шет елдерде білім алған.
Бүгінгі таңда облыста 361 медициналық ұйым көмек көрсетеді.