Жетісу облысынан Сенатқа депутат болып кімдер сайланды
Жалпы, сайлауға 4 адам кандидат ретінде қатысты. Олар – Қаратал ауданы әкімінің орынбасары Айдар Қарбозов, Кербұлақ ауданының әкімі Ғалиасқар Сарыбаев, Жетісу университетінің деканы Амангелді Толамисов және шаруа қожалық иесі Берік Тынышбаев.
«Жетісу облысының аудан, қала, облыстық деңгейдегі 138 депутаты осы аталған кандидаттарға дауыс берді. Басым дауысқа Ғалиасқар Сарыбаев пен Амангелді Толамисов ие болды.
Мәселен, Ғалиасқар Сарыбаев Сенатқа 2020 жылы сайланған кандидаттың орнына барады. Ол 4 жылға Сенат депутаты ретінде сайланса, Амангелді Толамисов 1 жылға сайланды. Яғни, ол 2017 жылы сайланған Сенат депутатының орнына барады», - деп түсіндірді Жетісу облысының сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дауытов.
Айта кетейік, Ғалиасқар Сарыбаев – 108, Амангелді Толамисов - 107, Айдар Қарбозов - 2, Берік Тынышбаев 12 дауыс жинады.
Жаңадан құрылған 3 облыстан Сенатқа депутаттығына барлығы 12 кандидат үміткер болды.
Бұған дейін ҚР Орталық сайлау комиссиясы жоғары палатаға сайлаудың алдын ала нәтижесін жариялаған болатын.