Жетісу облысында 1200 шетелдік көлік заңдастырылды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат — Жетісу облысында 1200-ден аса шетелдік көлік заңдастырылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«23 қаңтардан бастап 1 206 шетелдік көліктің иелері мемлекеттік нөмір алды. Автомобильдер Қырғыз Республикасынан, РФ, Грузия, Армения, БАӘ, Моңғолия, Беларусь, АҚШ және Кореядан әкелінді. Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап уақытша есепте тұрған 34 автокөлік заңдастырылды. Мемлекеттік нөмірді 345 авто-конструкторлар иесі де алды», – деді
Жетісу облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Диас Айнақұлов.
Биыл 1 шілдеге дейін өтінім берген Қазақстанның барлық азаматына көрсетілген мерзімнен кейін автомобильдерді заңдастыру құқығы беріледі. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылмаған және осы себепті заңдастырылмаған автомобильдерге қатысты, аталған көлік иелеріне көлігін Қазақстанда 5 жыл мерзімге уақытша есепке қоюға құқығы бар.
«Шетелдік есепте тұрған автокөліктерді Қазақстан Республикасының заң талаптарын бұзып пайдалануды жалғастырған азаматтарға тиісті шаралар қабылданады», – деп атап өтті Д. Айнакулов.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 23 қаңтар мен 1 шілде аралығында 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елімізге әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру жұмыстарын ұйымдастырды.