Жетісу облысында 13 жастағы қызды зорлаған нағашысының ісі сотта қаралуда
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысында 13 жастағы оқушы қызды зорлады деген күдікпен ұсталған нағашысының ісі сотта қаралуа, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір аталған іске байланысты сот процессі жүріп жатыр.
«Оқиға 2022 жылдың 2-тамызында Ескелді ауданы Қаратал ауылында болған. Сотталушы - 1979 жылғы ер адам. Ол 13 жастағы жәбірленушінің туған нағашысы болып келеді. Қазір аталған іс Қылмыстық Кодекстің 121-бабының 4-бөлігі (Жас балаға күш қолданып, дәрменсіз күйін пайдаланып, сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасаған) бойынша соттың қарауында»,- делінген ведомствоның хабарламасында.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталушының айыбы толықтай дәлелденсе заңға сәйкес, 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.