Жетісу облысында 350 келі заңсыз ауланған балық тиелген жүк көлігі ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Талдықорған-Текелі тас жолының 17 шақырымында заңсыз жүк тиелген көлік тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат polisia.kz телеграм каналына сілтеме жасап.

Жетісу облысында 350 келі заңсыз ауланған балық тиелген жүк көлігі ұсталды
Видеодан алынған кадр

Құқық бұзушыны табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Балқаш-Алакөл балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп ұстады.

Mercedes-Benz жүк көлігінің рулінде облыс орталығының 57 жастағы тұрғыны болған, ол 350 келіге жуық балық түрлерін (жайын балығы, ақтабан балығы, мөңке балығы, сазан балығы) тасымалдаған.

«Ер адам тиелген жүкке қандай да бір құжаттарды бере алмады. Келтірілген шығын – 1 млн теңге. Заңсыз ауланған балық тәркіленіп, сату үшін қабылдау пунктіне өткізілді, одан әрі жиналған қаражат мемлекет кірісіне тапсырылады», - деді Жетісу облысы ПД табиғат қорғау полициясының аға инспекторы Бағлан Рымжанов.

Факт бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылдау және құқық бұзушыны жауапқа тарту үшін жиналған материал балық шаруашылығы инспекциясына жіберілді.