Жетісу облысында адам өліміне қатысы бар күдікті бір ай дегенде ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысында ауылдасын өлтірді деген күдікпен іздеуде болған ер адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ескелді ауданының полицейлері ауылдасының өліміне қатысы бар деген күдікпен бұрын бірнеше рет сотталған, іздеуде жүрген 43 жастағы күдіктіні ұстады. Ол аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«16 қыркүйек күні Алдабергенов ауылында екі жергілікті тұрғын жанжалдасып қалады. Басынан ауыр жарақат алған ер адамның бірі ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің тырысқанына қарамастан, сол жерде қайтыс болды. Күдікті жасырынып, көп ұзамай мемлекетаралық іздеуге жарияланды. Белгілі болғандай, ер адам бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет жауапкершілікке тартылып, жазасын түзеу мекемелерінде өтегені анықталды», - деп мәлімдеді Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінен.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында ер адамның Талдықорған қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынғаны анықталды. Арнайы жасақ жауынгерлерінің көмегімен күдікті ұсталып, аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қамалды.
Іс ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігіне (жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) сәйкес жүргізіліп жатыр.