Жетісу облысында адам өлтірген қылмыскер 16 жылға сотталды

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Жетісу облысында адам өлтірген қылмыскер16 жылға сотталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысында адам өлтірген қылмыскер 16 жылға сотталды

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен атыс қаруын, оқ-дәрiлердi заңсыз сақтау (ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігі) және басқа адамдардың өмiрiне қауiптi тәсiлмен жасалған адам өлтіру (ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінің 6) тармағы) фактілері бойынша сотталушы А.-ға қатысты қылмыстық ісі қаралды.

Өткен жылдың мамыр айында сотталушы А. Жетісу облысы Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылында жанжал кезінде жәбірленуші М.-нің мойнына қарай екі мәрте оқ атқан. Алған дене жарақатынан М. оқиға орнында қаза болған. Бұдан бөлек, жәбірленушінің жас баласының қолына да бытыра тиген.
Прокурор соттан сотталушыны тағылған айыппен кінәлі деп танып, А.-ға 17 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Адвокат және сотталушы А. соңғының әрекетін ҚК-ің 99-бабының 1-бөлігіне сай қайта саралап, осы баппен көзделген төменгі жаза тағайындауды сұрады.
Сот шешімімен жаза тағайындағанда сот қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталуышының кәмілетке толмаған балаларының болуын ескерді.
«Қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Қылмыстық іс оқиғасына сәйкес, қылмыстық әрекет ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігімен және 99-бабының 2-бөлігінің 6) тармағымен сараланды. Сот үкімімен А.-ға түпкілікті 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды»,- делінген Жетісу облысы сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.