Жетісу облысында әкімдік Sony PlayStation сатып алмақ болып тендер жариялаған
Бұл құрылғыны Текелі қалалық мәдениет үйінде ашылып жатқан балалар бөлмесіне орнатуды жоспарлаған.
Бірақ бұл лот әлеуметтік желіге жарияланып, желі қолданушылардың наразылығын тудырды.
Яғни, көпшілік балалардың онсыз да ұялы телефонда көп отыратынын, денсаулығына кері әсерін тигізіп жатқанын, ал әкімдік алып бермек болып отырған ойын құралы атыс-шабысқа толы екенін жазды.
Осы жайттан кейін прокуратураның өзі іске араласып, шенеуніктердің әрекетін заңсыз деп таныды және ойын құралын сатып алуға жол бермеді.
Ал Текелі қаласының әкімдігі бар мақсатымыз - балаларға жайлылық, аз қамтылған отбасы балаларына заманауи құрылғымен ойнауға мүмкіндік жасау болды деп түсіндірді.
Сонымен қатар, Sony PlayStationмен балалар тегін ойнайтын еді деп ақталды.
«Текелі қаласының прокуратурасы Мәдениет үйі ойын консулын сатып алу кезінде мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарының бұзылғандығын анықтады. Заңның 21 бабының 3 тармағына сәйкес, конкурстық құжаттамада әлеуметтік өнім берушілердің санын шектеуге әкеп соғатын, оның ішінде тауар белгілеріне фирмалық атауларға арналған нұсқаулардың мазмұнына қатысты мемлекеттік сатып алу шарттарын белгілеуге тыйым салынады»,- деді Жетісу облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің хатшысы Ләйлім Әбілмажинова.
Фото: akket.com