Жетісу облысында биылғы маусымда 70 дала өрті тіркелді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - 11-16 шілде аралығында Жетісу облысының аумағында ауа температурасының +43 градусқа дейін күрт көтерілуі күтілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жетісу облысында биылғы маусымда 70 дала өрті тіркелді
Фото: elheraldo.co

«Қазгидромет» РМК деректері бойынша шілде айының екінші онкүндігінде ауа температурасының +43°С дейін, желдің екпіні 15-20 м/с дейін соғады деп күтілуде, бұл табиғи өрттердің туындау қаупіне және су айдындарында адам өлімі қаупінің артуына әкеледі.

«Ағымдағы жылдың өрт қауіпті кезеңі басталғалы Жетісу облысының аумағында 4 орман өрті және 70 дала өрті тіркелді.

Облыс аумағында жазғы кезеңде шомылу үшін пайдалануға болатын 43 ірі ашық су айдындары бар. Олардың негізгілері - Алакөл көлі мен Балқаш көлінің жағалауы. Алайда, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, су айдындарында адам өлімі фактілері орын алуда. Жыл басынан бері су айдындарында 2 адам, шомылу кезеңінде 1 адам қаза тапты. Сондай-ақ 11 адам құтқарылды, оның ішінде 2-уі бала (барлығы шомылу маусымында)», - деп жазды аймақтағы ТЖД.