Жетісу облысында бруцеллез бен сібір жарасының ошақтары көбейген

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысында жарты жыл ішінде бруцеллез ауруының 58 жағдайы тіркелді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 14-ке көп. Эпидемиологиялық қолайсыздық Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал аудандарын қамтып отыр. Бұл туралы Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің басшысы Асхат Чарапиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысында бруцеллез бен сібір жарасының ошақтары көбейген

Айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда сырқаттанушылық балалар арасында 4, жасөспірімдер арасында 1 жағдайға артық. Тіркелген 58 науқастың 45-інде жұғу қаупі ұсақ мүйізді малдан, 7-інде ірі қара малдан анықталған.

Ал, сібір жарасы бойынша облыста 97 стационарлық қолайсыз пункт, 158 топырақтық ошақ есепке алынған.

«Бруцеллез де, сібір жарасы да ауылшаруашылығы малдарынан жұғатынын ескере келе, рұқсат етілмеген сауда орындарынан, ветеринариялық таңбасыз ет сатып алмаңыз және сатушылардан ветеринариялық ілеспе құжаттарды сұраңыз. Мал қораны жинаған кезде, терімен, жүнмен және тағы басқа материалдармен жұмыс істегенде арнайы киіммен жүру керек. Адамдар мен жануарларды сібір жарасы вакцинасымен егу маңызды», - деді Асхат Чарапиев баспасөз мәслихатында.

Профилактикалық іс-шаралардың жылдық жоспарына сәйкес сібір жарасына қарсы вакцинамен қамтамасыз ету деңгейі 100%-ға жеткен. Биыл 3 млн жуық доза республикалық меншіктен Жетісу облысының коммуналдық меншігіне қабылданды.