Жетісу облысында көлік апатынан 2 адам мерт болып, төртеуі ауруханаға түсті

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысында көлік апатынан 2 адам мерт болып, 4 адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысында көлік апатынан 2  адам мерт болып, төртеуі ауруханаға түсті
Фото: t.me/POLICE_of_KZ

Жетісу облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Панфилов ауданында болды.

«Сарыөзек-Көктал» автожолының 99-шақырымында «Subaru Forester» автокөлігі «SHACMAN» жүк көлігімен соқтығысқан. Жапондық шетелдік көліктің 50 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Сондай-ақ ауруханаға жеткізілген кезде сол көлікте болған 45 жастағы жолаушы да қаза тапты. Зардап шеккен 4 адам ауыр жарақатпен ауруханаға жатқызылды.


«Аталған факті бойынша тиісті сараптамалар тағайындай отырып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Жетісу облысының полициясы жүргізушілерді автокөлікті басқару кезінде мұқият болуға және ҚР Жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жүргізушілердің әрқайсысы өзі үшін ғана емес, жолаушыларының өмірі үшін де жауапты екенін қаперде ұстауы керек», - делінген Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.