Жетісу облысында көлік жүргізушілеріне үш айда 345 млн теңгеден астам айыппұл салынды
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысында жол қозғалысы ережелерін бұзған көлік жүргізушілеріне үш айда 345 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат polisia.kz телеграм каналына сілтеме жасап.
Биылғы жылдың І тоқсанында жүргізілген талдауға сәйкес, Талдықорған қаласының маңында және облыс орталығындағы 8 бекетте (18 бейнекамера) жұмыс істейтін VIDAR АТЖ камералары ҚР Жол қозғалысы ережелері бойынша 14 814 заң бұзушылықты тіркеді.
Көлік жүргізушілеріне жалпы сомасы 345 278 010 теңгеге айыппұл салынып, 260 миллионнан астамы өндірілді.
Айта кетсек, 26 сәуірде Талдықорған қаласында және оның маңында VIDAR камералары орнатылған тағы 10 пост штаттық режимде қосымша жұмыс істей бастады.