Жетісу облысында көліктің жаңа нөмірін алғашқы болып 35 жастағы тұрғын алды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Қайта құрылған Жетісу облысында көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі беріле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысында көліктің жаңа нөмірін алғашқы болып 35 жастағы тұрғын алды

Тарихи сәтте ең бірінші болып көлігіне жаңа мемлекеттік нөмір алған Біржан Жаңғабылов.

«Жетісу облысы елімізде 19-өңір болып тіркелді. Соған сәйкес автокөлігіме 019 ААV 19 номерін алдым. 35 жастамын. Талдықорған қаласының тұрғынымын. Осындай тарихи сәттің куәсі болғаныма қуаныштымын», - дейді Біржан Жаңғабылов.

Жетісу облысында жаңа нөмірлерді тіркеу 21 қыркүйектен басталды.

«Жалпы Жетісу облысына 19-шы аймақ бойынша 500-ге жуық көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі келді. 21 қыркүйектен бастап оны тіркеп, бере бастадық. Сондай-ақ бұған дейін Алматы облысының 05 мемлекеттік тіркеу нөмірімен жүрген Жетісу облысының тұрғындары көлігінің тіркеуін ауыстырғанға дейін ескі нөмірмен жүре береді»,- дейді Талдықорған қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы бөлім басшысының міндетін атқарушы Болат Айманбетов.