Жетісу облысында медициналық кешен пайдалануға берілді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысы Қаратал ауданы Көкпекті ауылында блоктық-модульдік кешен пайдалануға берілді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысында медициналық кешен пайдалануға берілді
Фото: Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы

Тұрғындар саны 1200-ден асатын ауылда медицина мамандары дәрігерге дейінгі көмек, дәрігердің тағайындауларын орындау, балалар мен жүкті әйелдерді патронаждау және ауыл халқының денсаулық жағдайын жүйелі түрде бақылау жұмыстарын жүргізетін болады.

Нысанның жалпы алаңы 108 шаршы метр. Онда ем-шара қабылдау бөлмесі, материалдар жинақтау және зерттеу жүргізу бөлмесі, науқастарды қабылдау бөлмесі және басқа да шаруашылыққа қажетті бөлмелер бар.
Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Жетісу облысында 2023 жылы ауылдық елді мекендерде осындай 25 блоктық-модульдік кешен орнату жоспарланған.