Жетісу облысында мемлекет меншігіне қайтарылған жер тұрғындарға беріле бастады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысында мемлекет меншігіне қайтарылған жер телімдері игеремін деген тұрғындарға беріле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысында мемлекет меншігіне қайтарылған жер тұрғындарға беріле бастады

Қаратал ауданында өткен жылы 15 мың гектар жайылым қайтарылса, биыл тағы 22 мың гектар мемлекет меншігіне өтті. Үштөбелік Тұрарбек Құрманбеков биыл көктемде жер бөлу байқауына қатысып, 1 000 гектар жайылымның иесі атанды. Ол жерге 50 бас жылқы жіберіп, 20 бұқаны бордақылауды жоспарлап отыр. Алған жер телімі басқа біреудің иелегінде болып, ұзақ жылдар бойы бос жатқан. Мал басын өсіріп, еңбек етемін деген жандарға бұл жақсы мүмкіндік дейді шаруа.

«Биылдан бастап мен байқап отырмын, менімен бірге 20-30 адамдай жер алды. Бекер жатқанша адамдар пайдалану керек ол жерді. Пайдасын көру керек», – дейді Үштөбе қаласының тұрғыны Тұрарбек Құрманбеков.

Игерілмеген алқаптар қайтарылып жатқанымен, төрт түлігі өрген ауылға кең өріс керек. Бір үйде кем дегенде екі сиыр болса, енді бірінің он шақты бас малы бар. Елдімекен маңындағы жайылымдардың тарлық етуі де осыдан. Мал басын реттейтін ортақ ереже жоқ.

«Кейбір үйлерде 100 бас. 100 бастан да асып кететін жағдайлар бар. Сондықтан да біздің ойымыз бойынша бүгінде ауыл маңында жайылым жетпей жатқаны осы жағдай. Сондықтан да біз жоғарыда айтып өткен қызметтік хатымызда сол жағдайды көрсетіп жаздық», – деді Қаратал ауданының прокуроры Марат Қасымов.

Жалпы, Жетісу облысы бойынша 860 мың гектар жердің бос жатқаны анықталды. Биыл оның 220 мың гектары мемлекет меншігіне өтуі тиіс.