Жетісу облысында сайлау науқанына байланысты 17 сall-орталық жұмыс істейді
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Константин Петров пен Сәбила Мұстафина 19 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша 23-24 ақпанда Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарында өткен көшпелі семинар-кеңестерге қатысты.
Іс-шараларға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, прокуратура қызметкерлері, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қатысушыларға сайлау заңнамасының барлық жаңалықтарын және сайлау алдындағы үгітті қаржыландыру мәселелерін түсіндірді, сондай-ақ 29 бір мандатты округ бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындыларын жеткізді.
Жетісу облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Бақытгүл Нүсіпова өңірде барлығы 458 сайлау учаскесі құрылғанын баяндады. Облыс аумағындағы барлық сайлау учаскелері өз жұмысын бастады. Оларды материалдық-техникалық жарақтандыру, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті жағдайларды ескере отырып, шаралар қабылданды.
Дауыс беру күні мүгедектігі бар азаматтарды сайлау учаскелеріне жеткізу үшін «Инватакси» қызметінің 24 автокөлігінің жұмысын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстың барлық аудандары мен қалаларында 17 Call-орталық, телеграмм-бот және «Сайлаушылар тізімінде өзіңді тексер» онлайн-сервисі жұмыс істейді. Тәулік бойы бір уақытта 10 қоңырауды қабылдай алатын бірыңғай байланыс орталығы іске қосылған.
Қоғамдық байқауды бірыңғай үйлестіруді қамтамасыз ету үшін Жетісу облысы бойынша 11 адамнан тұратын үйлестірушілердің тізімі және «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы РҚБ филиалы мен ҮЕҰ-серіктестері – 886 адамнан тұратын тәуелсіз байқаушылар пулы қалыптастырылды.
Осы тәрізді жұмыс Алматы облысында да жүргізіліп жатыр. Әкім аппаратының басшысы Төлеген Сәрсембаев облыс тұрғындары өздерінің сайлау учаскесі туралы ақпаратты және өздерін сайлаушылар тізімінен «Сайлаушыларды іздеу» онлайн-сервисінде, телеграмм-ботта, сондай-ақ 10 ауданда және Қонаев қаласында бар Call-орталықтар арқылы тексере алатынын хабарлады.
Бүгінгі таңда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулерін өткізу үшін 197 үй-жай және көрнекі үгіт-насихат жүргізу үшін 709 орын анықталды.
Сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі 1 353 азамат үшін ерекше жағдайлар жасалған. 601 учаскенің 595-і пандустармен, 390-ы кіреберісте тактильді көрсеткіштермен қамтамасыз етілген.
Дауыс беру кезеңінде мүгедектігі бар адамдар үшін барлық учаскелерде бұрыштар ұйымдастырылады және кабиналар жабдықталады, есту қабілеті бұзылған сайлаушылар үшін ым тілі мамандары тартылады, сондай-ақ облыс орталығында және барлық аудандарда дауыс беру күні «Инватакси» қызметінің 18 автокөлігі тартылады.
ОСК мүшелері барған облыстар мен Алматы қаласында аумақтық сайлау комиссиялары үшін нақты кейстер негізінде іскерлік ойын түрінде тренингтер өткізілді. Ұйымдастырылған ойын барысында сайлау комиссияларының мүшелері дауыс берудің барлық барысын қамтитын учаскелерде дауыс беру процесін көрсетті. Олар дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссияларының дауыс берушілерді тіркеуден бастап, бюллетеньдер беру және барлық жұмыс аяқталғанға дейін қалай жұмыс істейтінін көрсетті.
Семинар-кеңес соңында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап берді.