Жетісу облысында шабан тойда 6 отбасы баспаналы болды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысындағы Панфилов ауданының Белжайлауында малшылар қауымына арналған дәстүрлі мереке «Шабан той» мейрамы өтті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысында шабан тойда 6 отбасы баспаналы болды

Аудан бойынша өткен дүбірлі тойда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, жайлау көрігін қыздырды. Аудан басшысы Марат Сағымбек жайлау төріндегі тұрғындармен кездесіп, мерекелік тілегін жеткізді.

«Жыл бойы адал еңбек етіп жүрген азаматтарды елдің шетінде, желдің өтінде қалдырмай, әркез осылай қолдау көрсетуіміз қажет. Жайлауда бұндай мереке өтпегелі біраз уақыт болыпты. Сондықтан өздеріңізбен жүздесіп, пікір-кеңестеріңізді тыңдайық деп мерекелік шара өткіздік. Әрқашан еңбектеріңіз жемісті болсын»,- деген аудан әкімі 6 отбасыға баспана кілтін табыстады.

Жайлау төрінде баспаналы болған малшылар отбасын қуантқан жеке шаруа қожалықтың басшылары Тасқын Жапарқұл, Берік Оразбай, Камшат Жақыбаевалар сынды кәсіпкерлер малшылар қауымына бұдан басқа да ақшалай сертификаттар табыстады. Соның ішінде «Оразбай.Б» шаруа қожалығы өз қызметкерлеріне 8 млн теңгені атады.

Жалпы барша малшы қауымға сый көрсетіліп, «Ауыл еңбегі үшін» арнайы төсбелгісі басқа да ер-тұрман, жәдігерлермен марапатталды.

Соның бірі 87 жастағы Тұрлыбай Шаукеев ата. Өмірінің 50 жылдан астамын осы Белжайлаудың төрінде өткізген малшы қария осы күніне шүкіршілік айтады.

«6 баламды осы малмен асырадым. Барлық бала-шағама баспана, көлік алып бердім. Малдың берекесі бар. Осы жайлау менің өмірім. Бұндай той жиі өткені дұрыс. Медаль алып жатырмын. Өте қуаныштымын» деп ағынан жарылған ата жастарды мал бағуға шақырды.

Бүгінде ауданда 105 611 бас ірі қара, 379 458 қой-ешкі, 22 535 жылқы және 370 бас түйе бар. Дәстүрлі Шабан той мерекесі өңірде арықарай жалғасын таппақ.