Жетісу облысында жол апатынан 73 жастағы әйел көз жұмды

АСТАНА. Алматы-Өскемен тасжолының 208 шақырымында Toyota Camry жол бойындағы металл қоршауға соғылды. Оқиғаның салдарынан 1 адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Жетісу облысында жол апатынан 73 жастағы әйел көз жұмды
Фото: t.me/POLICE_of_KZ

Полицияның ақпаратына қарағанда, шетелдік көліктің жүргізушісі 40 жастағы әйел рөлді басқара алмай қалған.

Оқиға орнында 73 жастағы әйел көз жұмды. Әр түрлі жарақаттарымен көлік жүргізушісі жақын маңдағы ауруханаға жатқызылды.

Жол апаты автомобильдің нашар техникалық жағдайына, яғни талаптарға сай келмейтін дөңгелектің жарылып кетуіне байланысты болды деп болжануда.

«Құрметті жүргізушілер, сіз өзіңіз үшін ғана емес, жолаушылардың, сондай-ақ жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығы үшін жауапты екеніңізді ұмытпаңыз»,-деп ескерту жасады полиция.