Жетісу облысындағы цемент зауытының жүргізушілері екінші күн қатарынан жұмысын тоқтатты

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысындағы цемент зауытының жүргізушілері екінші күн қатарынан жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысындағы цемент зауытының жүргізушілері екінші күн қатарынан жұмысын тоқтатты

Олардың мұндай әрекетке баруына жол көлік апатының жиілеуі себеп болған. Айтуларынша, көліктер техникалық тексеруден өтпей тоқтаусыз жұмыс істейді. Рұқсат етілген 18 тонннаның орнына 35-40 тонна шикізат тиеледі. Күні кеше тағы бір көлік апатқа ұшырап, жүргізушінің аяғы сынып, жамбасы шыққан. Ауыр жүк тиеген көліктің тежегіші істен шығып, қатты екпінмен тауға соғылған. Жұмысшылардың пайымдауынша, зауыттағы көліктерге техникалық тексеру мүлдем жүргізілмейді. Жалақы төмен.

«Мынаған қандай көмектер көрсетіледі, қандай жәрдем болады деп сұрасақ, басшыларымыз ешқандай ақша төленбейтіндігін айтты. Біз жанымыз ашып, бауырымыз сондай хәлде жатқанын көріп, жұмысты тоқтатуға мәжбүр болдық»,- деді көлік жүргізуші Ержан Дәулетбақов.

Ортақ мәмілеге келе алмаған екі тараптың мәселесіне жергілікті билік өкілдері мен прокуратура араласты. Нәтижесінде жұмыс берушілер жүргізушілермен қайтадан келісімшартқа отыратын болды. Сондай-ақ цемент зауытының басшылары бұдан былай көлікке шамадан тыс жүк тиеуді тоқтатып, Қазақстан заңнамаларында белгіленген мөлшермен шикізат тасымалдайтын болды.

«Біз бұдан былай техниканы қатаң бақылауға аламыз. Жөндеу цехы мен көлікті жөндейтін жұмысшылардың да жұмысын қадағалаймыз. Жүргізушілердің ұсыныстарын назарға аламыз. Өзіміз де жаңа талаптар қоятын боламыз. Зардап шеккен азаматқа көмек көрсетіп, жағдайын жеке өзім бақылап отырамын»,- деді көліктік компания құрылтайшысы Джу Сяу Лу.