Жетісу облысындағы кедендік бекетте бір миллиард теңгенің контрабандалық жүгі тәркіленді

ТАЛДЫҚОРҒАН ҚазАқпарат - Жетісу облысындағы кеден бекетінде бір миллиард теңгенің контрабандалық жүгі тәркіленді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жетісу облысындағы кедендік бекетте бір миллиард теңгенің контрабандалық жүгі тәркіленді

«Алтынкөл-Жол» кеден бекетінде, Қытай Халық Республикасынан Ресей Федерациясына транзит процедурасы негізінде бара жатқан контейнерлік пойызға кеден заңнамаларын бұзған деген күдік туып, 6 теміржол контейнеріне инспекциялық тексеру кешені арқылы сканерлік әдіспен кедендік тексеріп-қарау жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде, аталмыш контейнерлерден көліктік-ілеспе құжаттарында дұрыс мәлімделмеген, салмағы 137 тонна, кедендік құны 1 миллиард теңгеден асатын халықтық тұтыну тауарлары табылды. Мысалы, тауардың көліктік-ілеспе құжаттарында тауардың аты «мата» деп көрсетілген. Алайда, кедендік тексеру барысында джинси, шалбар, күртеше, тері тон, белдемше, пижама, әртүрлі әйелдер киімі, т.б. кедендік-салықтық төлем құны жоғары тауарлар шықты. Бұл жерде өтірік мәлімделген мата тауары салықтық алым коэффициенті төмен тауарлардың қатарына жататын болғандықтан, тауар иесінің кедендік төлемдер мен салықтарды нақтылы төлеудан жалтару мақсатын көздегенін байқатады», -деді «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің бас маманы Бекен Нұрахметов.

Қазіргі уақытта «Алтынкөл-жол» кеден бекетінің басшылығы тарапынан жинақталған аталмыш іс материалдарын қылмыстық-процессуальдық шешім қабылдау үшін Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментіне жіберу мәселесі қарастырылуда.