Жетісу облысындағы «Сарыөзек-Көктал» автожолының жөндеу жұмысы баяу жүріп жатыр
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - «Сарыөзек-Көктал» бағытындағы автокөлік жолының 45-68 шақырымында 2021 жылдың маусым айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құны 10,2 млрд теңгені құрайтын жөндеу жұмыстары жоспар бойынша осы жылы аяқталуы тиіс болған. Алайда жұмыс қарқыны баяу жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Жетісу облыстық мәслихатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған орай Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген Сенат депутаттары Ғалиасқар Сарыбаев, Амангелді Төлемісов пен облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері болып мердігер компаниялардың өзіне жүктелген міндеттемені не себепті кешеуілдетіп отырғанын білу үшін Алтынемел асуына арнайы барды.

Жол құрылысын аралауда «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ басқармасының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев жұмыс барысын түсіндірді. Өз кезегінде ол «Сарыөзек-Көктал» автожолының 45-68 шақырым учаскесінің күрделі жөндеуі мен «Көктал-Жаркент» жолындағы 16 шақырымның орташа жөндеу жұмысы биыл, ал толыққанды жөндеу жұмысы келесі жылы аяқталатынын айтты.
Оның сөзінше, 2024 жылдың 25 қазаны — Республика күні қарсаңында «Сарыөзек-Көктал» бағытындағы автокөлік жолы халық қолданысына толығымен беріледі.
