15:20, 31 Мамыр 2023 | GMT +5
Жетісу облысындағы Шоқан Уәлиханов музейіне күрделі жөндеу жүргізіледі
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Жетісу облысындағы Шоқан Уәлихановтың мемориалдық музейіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Зерттеуші, ғалым, этнографтың кесенесі мен ескерткіші жаңартылатын болады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шоқан Уәлихановтың мемориалдық музейінің іргетасы 1985 жылы қаланған. Қазір ғимараттың төбесінен су ағып, экспонаттар қойылған көрме павильондары ескірген. Сондай-ақ музей жанындағы ескерткіштің де тұғыры тозып, зерттеушінің кесенесіне апарар жолды жаңарту керек. Қазіргі таңда жергілікті бюджеттен 278 млн теңге қаржы бөлініп, жолдың құрылысы басталып кетті. Ал музейдің өзіне 317 млн теңге қаражат керек. Рухани шаңырақ мемлекет қорғауында болғаннан кейін бұл қаржы республикалық бюджеттен қарастырылады.
Айта кету керек музейге соңғы рет жөндеу жұмыстары 2012 жылы жүргізілген.
«Музейдің сыртқы келбетін сақтай отырып рестоврациялау жұмыстары жүргізіледі. Ішкі экспозицияда кішкене безендіру жұмыстарына өзгерістер енгізіліп, безендіру жұмыстары да жүргізіледі. Және де бұл музейде сақталған экспонаттардан түпнұсқа экспонаттардың бірнешеуіне рестоврация жүргізіледі», - деді Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжатттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қалқабаева.