Жетісу облысының барлық мүмкіндіктерін көлік-логистикалық салаға тарту қажет - Үкімет басшысы

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат – Жетісу облысының барлық мүмкіндіктерін көлік-логистикалық салаға тарту қажет. Өңірге жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов мұнда транзиттік әлеуетті дамыту үшін барлық ресурстар барын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.
None
Фото: primeminister.kz

Талдықорған әуежайында Үкімет басшысына Талдықорған - Қалбатау - Өскемен, Үшарал - Достық, Сарыөзек - Көктал, Лепсі - Балқаш автожолдарын және Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңарту, сондай-ақ облыстың Алакөл ауданында транзиттік инфрақұрылымды дамыту туралы баяндама жасалды.

Әлихан Смайылов қабылданып жатқан шаралар мен қалыптасып отырған сыртқы экономикалық ахуалдың нәтижесінде Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы маңызды құрлық дәлізіне және әлемдік маңызы бар көлік-транзиттік тораптардың біріне айналатынын атап өтті.

«Облыста транзиттік әлеуетті дамыту үшін барлық ресурстар бар. «Достық» және «Нұр жолы» екі халықаралық өткізу пункті, «Достық» және «Алтынкөл» шекаралық теміржол стансалары орналасқан, халықаралық транзиттік маршруттар өтеді. Өңірдің барлық мүмкіндіктерін көлік-логистикалық салаға тарту қажет», - деді ол.

Үкімет басшысы бұл бағытта Достық - Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдардың құрылысы уақтылы басталғанын атап өтті, өйткені Қытайдың шектеулерді алып тастауы аясында Еуропаға жүк тасымалдау қарқынды өсе түседі.

«Біз бұған дайын болуымыз керек», - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр сонымен қатар, Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңартуды аяқтаудың маңыздылығын атап өтті, соның арқасында үлкен фюзеляжы бар әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігі пайда болды. Оның айтуынша, жүргізіліп жатқан автожолдарды жаңғырту және қосымша пойыздарды іске қосумен бірге, бұл Алакөл және Балқаш көлдерінің туристік аймақтарын дамытуға айтарлықтай әсер етеді.

Әлихан Смайылов жалпы көлік саласында заманауи инфрақұрылымды құру үшін Үкімет ірі халықаралық серіктестерді тартатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, «Достық» станциясында көпфункционалды жүк тасымалдау терминалы салынды. Жалпы жүк айналымы жылына 1 млн тоннадан астам, инвестиция сомасы 3 млрд теңге болатын қойма қуатын енгізу жоспарланған. Сондай-ақ, 500-1000 бірлікке арналған еурофур жеке паркін қалыптастыру жоспарланып отыр. Бастапқы кезеңде мұнда инвестициялардың жалпы көлемі 5 млрд теңгеден асады.


Соңғы жаңалықтар