Жетісу өңірінде Ғали Ормановтың шығармашылығына арналған ғылыми конференция өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер жаннаты Жетісу өңірінде «Ғали Орманов - майталман лирик ақын» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
None
None

Ақын шығармашылығына арналған алқалы жиынның құрметті қонақтары ақынның қызы Жамиға Орманова мен ақынның немересі болды. Сондай-ақ, іс-шараға Сағымбай Қозыбаев, Тұрсын Сыдықов, Гүлжаһан Орда, Жетпісбай Бекболатұлы, Нұртаза Қадырниязов және басқа елімізге танымал қаламгерлер, әдебиет зерттеушілері, ақын мұрасын насихаттаушылар қатысты. Конференция жұмысы Ғали Орманов пен Ілияс Жансүгіров ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастау алды. Көркем сөзді қастерлеген өңірдің студенттері Ғ.Орманов пен Тәуелсіздік көшелерінің қиылысында 2008 жылы орнатылған Ғали ақынның ескерткішінің жанында талантты тұлғаға арнаған жырларынан шашу шашты. Ақынның қызы Жамиға Орманова аталған білім ордасының ақын есімімен аталатын ғылыми кітапханасы мен университет мұражайын аралап, 43 жылдық тарихы бар қара шаңырақтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

2017 жылы Ғали Ормановтың 110 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған жиынды І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Әбдіманап Бектұрғанов алғы сөз сөйлеп ашты. Басқосу барысында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Тұран университеті, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжі мен І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің бірқатар профессорлары ақын шығармашылығына байланысты әр түрлі тақырыптарда баяндама жасап, өнегелі өмірі мен шығармашылығынан тыңдарманға бір үзік сыр шертті. Сондай-ақ, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері ақын жырларын сағынған тыңдарманға балдай жырларының дәмін татқызды. Конференцияда ақынның қызы жылы жүздесуді ұйымдастырған университет ректорына алғыс білдіріп, оған Ғали Ормановтың «Ілиястың соңғы күндері» және «Биография Ильяса Джансугурова», «Слово об Ильясе» атты орыс тілінде жазылған қолжазбаларын табыс етті. «Адамгершіліктің бар асыл қасиеттерін бойына жинақтаған әкем 1939-1945 жылдары жыр алыбы Жамбылдың әдеби хатшысы, поэзиядағы Ілиястың ізбасары болған. 4-5 жасар кезімде 96 жастағы Жамбыл атамыз Көк базардың жанындағы үйімізге жиі келіп тұратыны есімде. Жансарайы қазынаға толы болған Жамбыл бабамыздың көңілінің кілтін табу оңай шаруа болмаған. Биік бәйтерегіміз болған әкем бізге кітап оқыңдар деп жиі айтатын. Асылдығынан айнымаған ол өмірде өте қарапайым, мейірімді, ақ көңілді, адал, жомарт, жанашыр жан болған еді. Дәл осы қасиеттерімен ол айналасына сыйлы адам болған. Жүрегімен жазған жырларын жас ұрпақ жаңа ғасырларға жеткізеді деп үміттенемін», - деді ақынның қызы Жамиға Орманова. Жиын соңында қатысушылар Талдықорғандағы ақын атындағы көшеде ескерткішімен іргелес тұрған №4 орта мектепке оның есімін беру туралы өз ұсыныстарын білдірді. Ақынның қызы бұл күні Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейін және Алматы облысы, Ақсу ауданындағы Қапал ауылындағы Ғали Орманов атындағы орта мектебінің мұражайын аралады. Қазіргі таңда ақын дүниеге келген Жетісудың шұрайлы өлкесі Қапал ауылында бұл білім ордасының музейінде оның қолжазбалары, жыр жинақтары, марапаттары, отбасымен бірге түскен фотосуреттері, тұтынған бұйымдары, Дінмұхамед Қонаев сыйлаған сағаты, Ғабит Мүсірепов тарту еткен домбырасы, Ғабиден Мұстафин естелікке берген М.Горькийдің мүсіні, Грузия жазушыларының сыйлығы сақталып тұр.

Соңғы жаңалықтар