Жетісулық полицей джиу-джитсудан Азия чемпионатында қос медаль жеңіп алды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Вьетнамның Ханой қаласында өткен Азия чемпионатында жетісулық полицей қос медаль жеңіп алды. 85 келі салмақта полиция офицері Қуандық Есенеев джиу-джитсудың «не-ваза» аталымы бойынша алтын және қола медальды қанжығалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарысқа 20-дан астам мемлекет қатысты. Қазақстаннан барған 30-ға жуық спортшының бірі - полиция аға лейтенанты Қуандық Есенеев. Алматы облыстық ІІД-і баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қуандық Есенеев Азия чемпионатында құқық қорғау органдарының атынан қатысқан жалғыз спортшы. Ол джиу-джитсудан және самбодан спорт шебері.
Айта кетейік, Азия чемпионтында бағы мен бабы келіскен тәртіп сақшысы Алматы облыстық ІІД-де 2015 жылдан бастап қызмет етеді.