Жетісулық волейболшы қыздар Ұлттық лигадағы ХХ Қазақстан чемпионатын сәтті бастады

МАТЫ. 23 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Өскеменде волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында ХХ Қазақстан чемпионатының 1-турында алғашқы 2 күннің қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған астаналықтар мен қарағандылықтар көш бастады.

Жетісулық волейболшы қыздар Ұлттық лигадағы ХХ Қазақстан чемпионатын сәтті бастады

Астана қаласының спортшылары теміртаулық («Металлург АМТ») және алматылық құрбыларын 3:0 есебімен жеңді. Қарағанды облысының «Қарағанды» командасы болса кеше өскемендіктерді («Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс»), арғы күні теміртаулықтарды дәл осындай есеппен тізе бүктірген еді. Ал 2010/2011 жылдардағы маусымда ел чемпионатының күміс жүлдегері атанған Павлодар облысының «Ертіс-Қазхромы» алғашқы ойынында өскемендіктерден 3 ұпай олжалағанмен, кеше ел чемпионы саналатын Алматы облысының «Жетісуына» 1:3 есебімен есе жіберді. Бүгін енді «Алматы» мен «Металлург АМТ», «Қарағанды» мен «Жетісу», «Астана» мен «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс» шеберлік байқасады. Ал жұпсыз қалған павлодарлықтар енді биылғы чемпионатта 3-4 орынға ие болған «Астана» мен «Қарағанды» командалармен болатын келесі ойындарға дайындығын тағы пысықтай түспек. Өйткені олар ендігі 4 кездесуде қарсыластарына өз басымдығын мойындата алса, турнир кестесінде 2-орынға көтерілуге әлі де мүмкіндігі бар.