Жетісулықтар барша қазақстандықтарды «Дәстүрлі ағаш егу мерекесіне» шақырды
АЛМАТЫ. 7 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше Алматыдағы «Тілектас» мейрамханасында «Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне - әр ауылдық округте 20 мың ағаш» деген тақырыпта барша Қазақстан халқын «Дәстүрлі ағаш егу мерекесіне» шақыру жөнінде дөңгелек үстел болып өтті.
Айтулы шараны республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік «Гүлстан» журналы мен Алматы облысы «Жетісу жастары» жастар орталығы және «Гүлзәр» қоғамдық бірлестігі бірлесе ұйымдастырып отыр. «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаеваның айтуы бойынша, жобаның жүзеге асуы еліміздің әрбір азаматының патриоттық сезіміне байланысты болмақ. «Биылғы жылды БҰҰ орман-тоғай жылы деп жариялады. Еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған бұл жобаны жүзеге асыруға толықтай мүмкіндік бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Алматы облысы, Кербұлақ ауданының Бәйшешек округінде 20 мың түп ағаш егілген. Біз осы игі бастаманы әрі қарай дамытқалы отырмыз», деді Г. Құлжабаева.
Айта кетейік, 2010 жылдың 28 желтоқсанында Талдықорған қаласында Алматы облысы әкімі Серік Үмбетовтың қолдауымен жастардың қатысуымен Үндеуді жариялау жиыны өткен болатын.
Кеше жарияланған Үндеуде «...Барша адамзат ұрпағының дені таза, сұлу да сымбатты болып өсуінің кепілі осы табиғат сұлулығы.
Біз, Алматы облысының жастары, республикалық ғылыми-танымдық, көпшілік «Гүлстан» журналы мен «Гүлзәр» қоғамдық бірлестігі барша Қазақстан халқын «Дәстүрлі ағаш егу мерекесіне» шақырып, Үндеу жариялаймыз», делінген.