Жетісулықтар Елбасының саяси реформасын қолдайды
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қазақпарат - Алматы облысының көпұлтты тұрғындары Елбасының мемлекеттік билік тармағының өкілеттіктерін бөліп беру ұсынысын қолдап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Талдықорған қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этно-мәдени бірлестік жетекшілері, қоғамдық ұйым өкілдері бас қосып, Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетімізді демократияландыру жолындағы бұл бастамасын өзара талқылады.
«Президенттік биліктің бірқатар функцияларын Парламент пен Үкіметке тапсыру еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайтып, саяси дамуын жаңа белеске көтереді», - дейді Алматы облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Ғабит Тұрсынбай. Оның айтуынша, жаңа реформа дамыған 30 елмен терезені теңестіруге мүмкіндік береді. Сондықтан қазақ елінде тұратын өзге ұлт өкілдері бұл бағытта қолдау көрсетіп, жаңа саяси бастаманы өз орталарында қалың бұқараға терең насихаттауға кіріспек.