Жетісулықтар Қарағандыға гуманитарлық көмек жіберді
Талдықорғандағы «Иман» орталық мешітінен 5 тоннадан астам азық-түлік тиелген жүк көлігі жолға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тағамдар мен киім-кешекті мешіт қызметкерлері, зекет қорының өкілдері жинаған. Сауапты іске жетісулық жомарт жандар да өз үлестерін қосты.
Жөнелтілген заттардың ішінде, 100 қап ұн, 100 қап кеспе, 105 литр сұйық май, 93 дана көрпе -жастық, 200 жұп аяқ-киім де бар. Бас имам бұл бастама ел бірлігін арттырып, халықты сабыр мен төзімділікке шақыру мақсатында ұйымдастырылғанын айтты. Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған ағайындарға көмек беру, мұсылмандық парызымыз дейді.
Айта кету керек, биыл еліміздің бірнеше облысында көктемгі су тасқыны орын алып, қалың жұртшылықты әбігерге салды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы көктемде су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға гуманитарлық көмек жіберу мақсатында «Қайырымдылық керуені» акциясын ұйымдастырған болатын. Игі бастамаға еліміздің әр өңірі өз үлестерін қосып, белсенділік танытуда.