Жетісу мектептерінің бірінде ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін 11 жылға сотталған адам жұмыс істеген

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының білім беру мекемелерінде прокурорлар 300-ден астам санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен өрт қауіпсіздігін бұзу фактілерін анықтады.

мектеп
Фото: primeminister.kz

Тексеру барысында облыстағы 5 мектеп маңында жаяу жүргіншілер өткелдері мен «Балалар» белгісі қойылмағаны анықталды.

Сарқан ауданы мен Талдықорған қаласындағы екі мектептің аумақтары толық қоршалмаған, бұл олардың аумағына бөгде адамдардың оңай кіріп кетуіне мүмкіндік береді.

«Өңірдің 60 мектебінде бейнебақылау камераларының көбі жұмыс істемейді, оның 170-і ғана полицияның орталық жедел бөлімдеріне қосылған. Бұдан бөлек, 25 мектеп мерзімі өтіп кеткен санитарлық қорытындылармен жұмыс істеген. Кейбір жағдайларда оқушыларға жарамдылық мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмек пен азық-түлікті сақтау фактілері анықталды. 17 мектепте оқушылардың тыйым салынған интернет-контенттерге еркін қол жеткізу жағдайлары болды»,- деп хабарлады ведомстводан.

Прокуратурадан мәлім еткендей, еңбек заңнамасының талаптарына қайшы, мектептерде бұрын қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған үш күзетші жұмыс істеген.

«Мәселен, олардың бірі аса ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Сонымен қатар Кербұлақ ауданы білім бөлімінің есепшілерінің бюджет қаражатын жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды»,- делінген хабарламада.

Барлық анықталған бұзушылықты жою бойынша 40 қадағалау актісі енгізілді. 135 тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, 41адамға тәртіптік жаза тағайындалды.